Тақырып 1. Кіріспе. Жолаушы тасымалын ұйымдастыру технологиясының негіздері  

Тақырып 1. Кіріспе. Жолаушы тасымалын ұйымдастыру технологиясының негіздері

ПӘНІНЕН ДӘРІСТЕР ЖИНАҒЫ

Мамандық: 1202000 – «Көлікте қозғалысты басқару және тасымалдауды ұйымдастыру»

I МОДУЛЬ. ЖОЛАУШЫ АВТОКӨЛІГІНІҢ ДАМУЫ ЖӘНЕ ОНЫ БАСҚАРУ НЕГІЗДЕРІ

Тақырып 1. Кіріспе. Жолаушы тасымалын ұйымдастыру технологиясының негіздері

Еліміздің экономикасының қарыштап дамуы үшін көлік қатынастарын, жүк және жолаушы тасымалдау жүйесін дұрыс әрі тиімді ұйымдастыру мен олардың үзіліссіз әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етудің маңыздылығы өте зор.

Кез-келген тасымалдау көлігіне қойылатын негізгі ең басты талаптар- халықтың шаруашылық қажеттіліктерін және адамдарды тасымалдау қызметін толық қамтамаcсыз ету, ең бастысы жолаушы немесе жүк тасымалын белгіленген уақытта орындау, ыңғайлылық пен қауіпсіздік, сенімділік және оның жұмысының экономикалық тиімділігі. Тасымалдау қызметіне қойылатын осындай негізгі талаптар өз деңгейінде дұрыс шешілсе, көлік қызметін ұсынушылар мен оны тұтынушылардың экономикалық тиімділік нүктесі бір қалыпты болады.

Қазіргі заманғы ғылыми- техникалық өрлеу кезеңінде барлық көлік түрлерінде жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру және көліктің қоршаган ортаға келтіретін зияндылығын (ауа-райын ластау, табиғатты бүлдіру) төмендету өзара бәсекелестің негізі болып қала береді.

Көлік- халық шаруашылығында маңызды орын алып, көптеген мақсаттар үшін жан-жақты қолданылады. Көліксіз қоғамның және оның күш–қуатын дамыту әсте мүмкін емес. Көлік-халық шаруашылығы мен мәдени-әлеуметтік қарым-қатынастардың барлық буынын өзара тығыз байланыстырып, жандандырып тұрған байланыс құралы. Сондықтан автокөлік мекемелерінің жұмысы мен қызмет көрсету деңгейінің жоғарылауы және техникалық құрал-жабдықтары мен көліктік құрамдардың сапасының артып, заман талабына сай болуы мемлекеттің бақылауында болуы керек



Көлік және көлік қызметінің саласын дамытудың негізгі стратегиялық бағыттары:

1.Көліктің негізгі міндеті – адамдап мен жүктерді бір жерден екінші жерге тасымалдау мен халық шаруашылығының қажеттіліктерін дер кезінде толықтай әрі сапалы қызметпен қамтамасыз ету және оның жұмысының экономикалық тиімділігін арттыру.

2. Автокөлік мекемелерін пайдалану тиімділігі жоғары жылжымалы құрамдармен және сапалы қызмет көрсету нысандарымен жабдықтау.

3. Жол инфроқұрылымының сапасын арттырып, жаңа техникалық құрал-жабдықтармен жарақтандыру.

4. Көлік қызметін ұсынушылардың арасында нарықтық бәсекелестікті жандандыру.

Кез-келген автокөлік мекемесі даму бағдарын негізге ала отырып, өз жұмыстарын экономикалық тиімді жолмен ұйымдастыруға дағдылануы керек. Барлық көлік тасымалының пайдалану көрсеткіштерін жақсарту үшін келесі негізгі шараларды назарда ұстаған жөн:

- көлік құрамының техникалық жай-күйін қадағалау керек;

- жолаушы ағыны мен жол аралығына сәйкес көлік түрін дұрыс тандау;

- жолаушылар мен жүктерді тасымалдаудың оңтайлы маршрутын құрастыру;

- маршрутты автобустардың бос жүрісін және соңғы аялдамаларда бос тұру уақытын қысқарту, олардың сыйымдылығын толық пайдалану;

- тасымалдау көрсеткіштері бойынша мәліметтерді зерттеп-талдап, сараптама жасай отырып, өзгертулер мен жаңа жетілдірулер енгізу;

- қозғалыс қауіпсіздігін арттыру және қоршаған ортаға келтіретін зияндылығын төмендету;



- жүргізушілердің шеберлігін арттыру және қоғамдық көліктердегі қызмет көрсету шараларын жақсарту;

- жыл мезгілдері мен ауа-райының ерекшеліктеріне тәуелсіз, тұрақты тасымалмен қамтамасыз ету.

Көлік жүйесінің негізгі ұғымдары мен терминдері:

Қатынас жолдары - дегеніміз жылжымалы құрамалардың қозғалысы үшін арнайы жабдықталған және соған бейімделген жолдар, оның ішінде: теміржол жолдары, автокөлік жолдары, кеме қатынасының өзендері, теңіз және басқалар.

Техникалық құрылғылар мен ғимараттар көлік тасымалы мен жұмысына қатысты тиеп – түсіру бекеттерінен, жүк және жолаушы бекеттерінен, жөндеу шеберханаларынан, жүк сақтау қоймалар мен белгі беруші құрал – жабдықтардан және басқалардан тұрады.

Көліктік жүйе – дегеніміз тасымалдарды орындау кезінде бір-біріне өзара тәуелділікте және өзара әрекеттестікте болатын әртүрлі көлік түрлерінің жиынтығы.

“Біртұтас көліктік жүйе” дегеніміз тасымалдау жолдары әртүрлі барлық көлік түрлерінің жүктер мен жолаушыларды тасымалдау тиімділігін арттыру мақсатындағы өзара тәуелділігінің біртұтас жүйесі.

Көліктік желі - еліміздің жекелеген аймақтарын және қала ішін байланыстыратын барлық қатынас жолдарының біртұтас жиынтығы. Көліктік желі жекелеген көлік түрлерінің (метро, трамвай, автобус және т.б.) бағдарлы жол (маршрутты) жол таралымдарынан құралады.

Жергілікті тасымал деп бір ғана көліктік кәсіпорын арқылы жүзеге асатын тасымалдарды айтады.

Тік қатынастағы тасымалдар - бірнеше көліктік кәсіпорын арқылы бір ғана көлік түрімен орындалатын тасымалдар.

Аралас қатынастағы тасамалдар – дегеніміз бір көліктік құжат бойынша бірнеше көлік түрлерімен жүзеге асатын тасымалдар. Көбінесе мұндай тасымалдар ауыстырып тиеусіз жүзеге асатын қатынастар (контейнерлермен, жәшікпен, вагонмен және т.б.) үшін қолданылады.

Халықаралық қатынастағы тасымалдар – мемлекеттен тысқа шығару (экспорт), кіргізу (импорт) шараларын жүзеге асыратын тасымалдар.

Көліктік үрдіс - дегеніміз өнеркәсіптегі тиеп-түсіру жұмыстарынан бастап жөнелту бекетінен тағайындалған бекетке дейін жүктер мен жолаушыларды жеткізумен тікелей байланысты нақты операциялардың жиынтығы. Көліктік үрдісті ұйымдастыру аясы жалпы алғанда жүктерді тиеу, ауыстырып қайта тиеу, түсіру, көліктік – экспедициялық оталарды т.б. орындау бойынша көліктің қызметтік буындарының үйлесімділігін қарастыратын ұстанымды қалыптар, әдістемелер мен құрылымдық сұлбалар жиынтығымен түсіндіріледі.

Кез – келген көліктік нысанның өткізгіштік қабілетілігі - деп техникалық тұрғыдан жабдықталған және қозғалысты ұйымдастырудың белгілі тәртібі бар жолдың бөлігі немесе жол қиылысы бойынша уақыт бірлігінде өтуі мүмкін жылжымалы құрамалардың жоғарғы шекті санын айтамыз.

Қандай да бір көліктік нысанның тасымалдау қабілеттілігі - деп жылжымалы құрама, жағармай және басқа да ауыстырмалы жабдықтармен қамтамасыз етілген көлік арқылы есептік уақыт бірлігінде тасымалдануы мүмкін жүктің немесе жолаушының жоғарғы шекті саны.


3151681279266946.html
3151728700203279.html
    PR.RU™